Жолаушылардың құлағына алтын сырға. Маусым айынан бастап қоғамдық көлікте жолақыны төлеуді бақылау күшейтілді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек баспасөз отырысында мәлімдеді. Осы айдың өзінде 983 билетсіз жолаушыға хаттама толтырылып, айыппұл салынған.


Өткен жылдың қараша айынан бастап қоғамдық көлікте жолақыны қолма-қол ақшамен төлеу толықтай тоқтатылғаны белгілі. Бұл ретте, жолаушыларға бірнеше қолайлы әдістер де ұсынылды. Алайда, оған жүрдім – бардым қарап, су тегін жүретін қала тұрғындарының қарасы көбейіп барады. Айналдырған апта ішінде 983 билетсіз жолаушыға хаттама толтырылса, жыл басынан бері 2 339 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 18 393 896 теңге көлемінде айыппұл салынған.


«Бақылау-тексеру қызметінің» 73 қызметкері күн сайын таңғы 6:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейдке шығып, жолаушылардың билеттері мен көлік карталарын тексереді. Сондай-ақ, тегін жүруге құқығын растайтын Әлеуметтік немесе мектеп көлік карталарын да бақылауға алатынын айта кетейік. Олар жолақысын төлемеген жолаушыларға құқықтары мен міндеттерін де түсіндіреді.


Қаладағы қоғамдық көліктерде бірнеше санаттағы адамдар тегін жүреді. Олар соғыс ардагерлері мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар. І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. І топтағы көру қабілеті бұзылған мүгедектерге және I топтағы мүгедек балаларға еріп жүретін адамдар. Оқушылар, қаланың Құрметті азаматтары, 70 жастан асқан зейнеткерлер мен саяси қуғын-сүргін құрбандары және өзге мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлері. Сондай – ақ, студенттер жол ақысының тек 50% төлейді.