Түркістан облысында жаңа өндіріс орындары ашылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобаларды іске асыру барысы талқыланып, түйіткілді мәселелерді шешу жолдары қаралды.
Аймақ басшысы өткен штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын бақылап, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан «TALIFA» ЖШС-ның кептірілген жемістерді өндіру жобасын іске қосу мақсатында өндірістік ғимараттың құрлысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 30 тоннаға жуық шикізат Түркістан қаласына жеткізілген. Кәсіпорын 1 ай көлемінде жұмысын бастамақ. Түркістан қаласының «Turkistan» индустриалды аймағында «Мунай Инвестмент Групп» ЖШС битум өндіретін зауыт пен битум қоймасын салу жұмыстарын қолға алды. Қазіргі уақытта қажетті 5 шақырым теміржол желісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, Түркістан облысы экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған.