Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өткен брифингте бұдан өзге де бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтар болсақ, қоғамдық қауіпсіздік, жастар бағдарламасы, электр жарығымен қамту, қоғамдық көлік және өзге де саладағы проблемалар сөз болды.


Қаланың қылмыстық ахуалына тоқталған Сәрсен Абайұлының мәлімдеуінше, өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 193 қылмыстық іс тіркеліп, оның 10-ы сотқа жолданған. Ең көп кездесетін қылмыстардың қатарында – 38 алаяқтық, 27 ұрлық, 12 есірткі айналымы, 11 жол-көлік оқиғасы және 10 ұрып-соғу фактісі тіркелген. Алаяқтықтың дені интернет арқылы жасалған. Мәселен, жалған инвестициялық жобалар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы сенімге кіру, өзін байланыс операторы немесе мемлекеттік қызметкер ретінде таныстыру арқылы жасалған 11 факті тіркелген. Несие рәсімдеу арқылы да екі алаяқтық қылмысы орын алған.


 Баспасөз отырысы барысында Сәрсен Абайұлы қаладағы электр жарығының сөнуі жайлы сөз қозғады. Басты себеп, ауа температурасының жоғарылауынан шектеулер енгізуге тура келді деген ресми өкіл алдағы уақытта қаланың кейбір бөліктерінде жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты электр энергиясы ішінара өшірілуі мүмкін екенін жеткізді.