Қыркүйекке дейін Шымкентке 200 жаңа автобус жеткізіледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек баспасөз отырысы барысында мәлімдеді. Нәтижесінде, бірқатар бағыттардағы қоғамдық көліктер жаңартылып, тұрғындардың салқындатқыш жүйесіне қатысты шағымдары азаяды деп күтілуде.
Шаһарда 82 бағыт бойынша күн сайын 984 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 845 – і салқындатқыш жүйесімен жабдықталған болса, 139 – ына бұл жүйе зауыттан орнатылмаған екен. Қаладағы ескі қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында тасымалдаушы мекемелер 200 автобусқа тапсырыс беріпті.
Соңғы кездері тұрғындардың салқындатқыш жүйесіне қатысты шағымдары көбейген. Бұл мәселені кейбір автобустардың отын ретінде сығымдалған газ-метанды пайдалануымен байланыстырған Сәрсен Абайұлы қалада үшінші газ станциясының құрылысы жүріп жатқанын жеткізді. Тамыз айында іске қосылса, газбен жүретін автобустардың үздіксіз қатынауына және салқындатқыш жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, деді ресми өкіл.
Қыркүйекке дейін жеткізілетін 200 жаңа автобус қаладағы қоғамдық көліктердің салқындатқыш жүйесіне қатысты мәселені де шешеді деп күтілуде. Сонымен қатар, техникалық ақауларға байланысты жиі тоқтайтын ескі автобустарды алмастырып, қызмет сапасын жақсартады деп көзделген.