“Қиял әлемі” саябағына іргелес жатқан ғимарат бұзылды. Заңсыз бой көтерген нысан «REAL PACK» ЖШС-на тиесілі.


Жер учаскесі о баста әжетхана салу үшін берілген екен. Алайда, заң талаптары бұзылып, бұл аумақта 3 қабатты ойын – сауық орталығының құрылысы жүргізілген. Заңсыздықты қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары өткен жылдың желтоқсан айында анықтап, сотқа берген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Бейбітшілік көшесі № 3А мекен-жайда орналасқан нысанды заңсыз деп танып, бұзуға шешім шығарған.


«REAL PACK» ЖШС-не тиесілі 3 қабатты ғимараттың қаңқасы қалаңғанымен, әлі толықтай бітпеген. Бүгін екі эксковатор қабырғасының күл - талқанын шығарды. Нысан иесіне наурыз айында өз еріктерімен бұзуға ескерту берілген. Алайда, олар асықпаған. Сот шешімін орындамаған борышкер мекемеге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 669 бабы 1 бөлігімен хаттама толтырылды. Бұл ретте, 30 АЕК көлемінен жоғары айыппұл төлеуі мүмкін.