Отырар ауданында «Мақта дақылын жаңа технологиямен егудің тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті. Мақсат салада заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырып, шаруаларға су үнемдеуді үйрету. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.


Семинарға қатысушылар алдымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аумағында егілген мақта алқабымен танысты. Ауыл шаруашылығы дақылдарына қажет тұқым, көшет, органикалық және минералды тыңайтқыштар сатушылардың көрмесін тамашалады.


Қазіргі таңда әлемдік мәселелердің бірі су тапшылығы. Өңірде су үнемдеу технологияларына кешенді көшу арқылы мәселені шешу қарқын алған. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектар алқапқа енгізіледі. 2030 жылға дейін осы әдіспен суармалы жердің 50 пайызы қамтылады деген жоспар бар.


Айта кетейік, Түркістан облысында 2025-2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру көзделген. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық ірі жоба негізінде 4 мақта өңдеу мен толыққанды тоқыма кешені жүзеге асырылады. Атап айтқанда, егіс алқабынан бастап иіру өндірісі, мата шығару мен дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Жиын қортындысында бірқатар нақты ұсыныстар қабылданып, ортақ жоспар бекітілді.