Шымкентте атыс қаруының заңсыз айналымының жолын кесу мақсатында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Полиция қызметкерлері 1-10 шілде аралығында бес мыңнан аса қару иесін тексеріп, рейдтік жұмыстар жүргізді.
Іс-шара барысында полицейлер аңшылық алқаптар мен шаруа қожалықтарын аралады. Тексеру кезінде 9 суық қару тәркіленді. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар, азаматтық қару айналымы саласында 128 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қаруды сақтау және алып жүру ережесін бұзған 3 адам, тіркеу тәртібін сақтамаған 20 азамат жауапкершілікке тартылды. Айта кетейік, заңсыз сақталған қару мен оқ-дәріні өз еркімен тапсырған азаматтар, егер басқа құқық бұзушылық белгілері болмаса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.