Футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер үшін Сәрсен Абайұлы баспасөз отырысы барысында жағымды жаңалықпен бөлісті. Бұдан былай «Ордабасы» футбол клубының спорт саласын танымал жергілікті футболшы Таңат Нөсербаев басқаратын болады. Осыған дейін бұл қызметті атқарған Қайрат Әшірбеков клуб жүйесінде жұмысын жалғастыратыны айтылды.
Таңат Нөсербаев әр жылдары бірнеше футбол клубында ойнаған, 2014 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болған. Былтыр футболдағы мансабын аяқтап, спорт менеджменті саласында еңбек етуде. «Ордабасы» клубы бүгінде Грузияда матчқа дайындалып жатыр. 10 шілдеде «Торпедо Кутаиси» командасымен UEFA Конференция Лигасының алғашқы іріктеу кезеңі аясында жолығады. Жауапты кездесу 17 шілдеде Шымкентте өтеді. Сонымен қатар, осы аптада, 13 шілде күні «Ордабасы» өз алаңында Қазақстан Премьер-Лигасы аясында «Астана» командасын қабылдайды. Бұл қос матч шымкенттік ұжым үшін маңызды апта болмақ – әрі Еуропа додасы, әрі ішкі чемпионат аясындағы маңызды ойын.