Биыл су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Ақордада сала мамандарын төл мерекесімен құттықтап, марапаттаған Мемлекет басшысы осылай деді. Халықтың тіршілігін, егіннің берекесі мен қалалардың келешегін қамтамасыз етіп отырған жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, біліктілігін арттыру бойынша да ауқымды шаралар қолға алынған. Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен тарқатсын.
Бүгін Ақорда су шаруашылығы саласының мамандарын сән-салтанатпен қарсы алды. Жұмысы көзге көрінбейтін, бірақ еңбегі орасан бұл жұмысшылардың басым бөлігі Президент резиденциясына алғаш келіп тұрғанын айтты.
Президент, сала мамандарын құттықтап, оларға «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ бірнеше жұмысшыға «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Десе де, бұл жиынның салтанатынан салмағы басым болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Ең алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын дегім келеді. Бапршаңызды құттықтаймын! Су бүкіл тіршіліктің – көзі. Су әлемдегі барлық елдер үшін аса маңызды стратегиялық маңызды ресурс. Біздің кеңбайтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының басым бөлігі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі – Ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында.
Президент қолынан марапат алғандардың арасында салаға өмірінің 30-40 жылын арнаған ардагерлерімен бірге еңбек жолын жақында бастаған жас мамандар да бар.
ҚАЙЫРБЕК КӨШЕКПАЕВ - ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ «ҚАЗСУШАР» РМК «ЕСІЛ СУ» ФИЛИАЛЫНЫҢ УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ
Қобалжып тұрмыз. Бұл енді менің жетістігім емес, мекеменің жетістігі. Президент қолдап, жұмысты одан жақсы істеуге тырысамыз. Ақтаймыз деп айтуға болады.
ВЛАДИМИР ЕГЕР - ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ «ҚАЗСУШАР» РМК «ҚАНЫШ СӘТПАЕВ АТЫНДАҒЫ КАНАЛ» ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
Аударма Бүгін өте маңызды әрі ерекше күн. Еңбегіміз еленіп жатыр, алғысымыз шексіз. Менің осы салаға келгеніме 20 жылдан асты, осы уақыт аралығында су шаруашылығына қатысты ең болмағанда шағын бір қауымдастық құрылса екен деп армандадық. Енді міне өз алдына министрлік құрылды. Керемет!
СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 50 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Иә, соңғы жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Ең бастысы сала мамандарының әлеуметтік жағдайы жақсара бастады.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ – ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ
Бірінші айлығы көтерілді. Былтыр мамыр айында 25 пайызға көтердік. Биыл шілде айынан бастап Қазсушар мекемелерінің мамандарының айлығын тағы да 50 пайызға көтеріп отырмыз. Орта есеппен Қазсушар мамандарының орташа жалақысы 300 мың теңгеден асады. Ол осы салаған мамандардың келуіне әсер еттті.
500-ДЕН АСТАМ СТУДЕНТ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ТЕГІН БІЛІМ АЛЫП ЖАТЫР
Салаға қатысты ең өзекті мәселелердің бірі ол білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Сондықтан осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. Бүгінде 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Мақсат республика халқын тіршілік нәрімен толықтай қамтамасыз ету.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет – 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды.
Судың да сұрауы бар деді, - Президент. 2040 жылға қарай тіршілік нәріне деген сұраныс 40 пайызға артуы мүмкін. Сол себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алу керек екеніне де тоқталды. Бұл тұрғыдан трансшекаралық өзендер, бассейндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн.
НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕС – ТІЛШІ
Еліміздің су саласында бүгінде таңда 30 мыңға жуық маман еңбек етеді. Дегенмен бұл аз. Сондықтан алдағы жылдары олардың санын, біліктілігін және жұмысқа деген ынтасын арттыру көзделіп отыр. Президент айтпақшы, су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне парапар.