1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта өткізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қауіпсіздікке бағытталған бұл сабақтар балабақшадан бастап колледж деңгейіне дейін қамтылады.
Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Балабақшаларда – жедел қызмет нөмірлерін есте сақтау, ойын және демалыс алаңдарында өзін қауіпсіз ұстау ережелері үйретіледі.
Бастауыш сыныптарда – су мен мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін ұстау, қаңғыбас иттерден қорғану тәсілдері оқытылады. Орта буын сыныптарында – буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, интернет-ойындардың зияны және жеке жауапкершілікке тәрбиелеу мәселелері қамтылады. Ал жоғары сыныптар мен колледж студенттері үшін қаржылық сауаттылық, алаяқтардан қорғану, еңбек қауіпсіздігі, өз құқықтары мен міндеттерін білу бағытында сабақтар ұйымдастырылады. Бұл бастама балалардың күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына көмектесетін практикалық дағдыларды қалыптастыруды және жеке қауіпсіздікке саналы көзқарас дамыту мақсатында қолға алынды.