Шымкентте қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және азаптауға жол бермеу мәселесі талқыланды.


Қала прокуратурасы соңғы жылдары азаптаудың алдын алу үшін жүйелі шараларды қолға алған. Арнайы алгоритм енгізіліп, ол үш кезеңнен тұрады. Ұсталған азаматтарды прокурор жеке сұрайды. Бұлтартпау шарасын санкциялау кезінде күдіктімен сөйлеседі. Ал іс тоқтатылғанда немесе айыптау актісі табысталғанда қайта сұрау жүргізіледі. Бүгінде барлық құқық қорғау ғимараттары толық бейнебақылаумен жабдықталған. Камералар соқыр аймақтарға дейін орнатылған. Полиция басқармаларында туыстары немесе қорғаушысы тікелей прокурорға хабарласуы үшін домофон құрылғылары қойылған.


ЖАНЕРКЕ АТЫКАЕВА, ҚАЛА ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ

Бұл оң нәтиже біздің жүйелі жұмысымыздың жемісі. Дегенмен азаптаудың бір ғана фактісі бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан біздің басты міндет – мұндай жағдайларға мүлде жол бермеу.


Прокуратура мәліметінше, 2023 және 2024 жылдары Шымкентте азаптауға қатысты бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген. Ал биыл бір ғана іс қозғалып, ақталатын негіздермен тоқтатылды.


ЕРЖАН МАРАТ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Конституция – тек мемлекеттік символ емес, адам құқығы мен қадір-қасиетін қорғаудың ең биік талабы. Әрбір прокурор мен құқық қорғау өкілі заңдылықты бұлжытпай сақтап, азаматтарға әділетті көзқарас танытуы тиіс.


Шымкент қалалық прокуратурасы Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуді басты басымдық деп отыр. Өйткені адам құқығын қорғау – бұл заң талабы ғана емес, қоғам мен халық алдындағы қасиетті парыз.