Төтеншеліктер мен құқық қорғаушылар бірлесіп, «Арнайы автокөлікке жол бер» атты рейдтік іс-шара өткізді. ТЖД ғимаратынан басталып, қаланың орталық көшелерімен жалғасты. Оған 10-нан астам өрт сөндіру техникасы мен жол-патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Мақсат - жүргізушілердің құқықтық мәдениетін арттыру, сондай-ақ жедел қызмет көліктеріне дер кезінде жол берудің маңызын түсіндіру.
Рейд кезінде арнайы жарық шамы мен дыбыс белгісі қосылған техникалар қозғалғанда, жүргізушілердің әрекеті жіті бақылауда болды.
Ереже бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
МЕЙІРБЕК ЕРГЕШҰЛЫ, ТЖД КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ
Жол бермейтін автокөліктер көптен көп кездеседі. Двордың арасына көлік қойып кетеді. Сол жағдайда бізге қиын.
Статистикаға сүйенсек, төтенше жағдай қызметкерлерінің кешігіп жетуінің басты себептерінің бірі – жолдағы көліктердің уақытында жол бермеуі.Ал әрбір минут адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
НҰРЖІГІТ СОЛИДОВ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ
Қала тұрғындары мен, қонақтарына қала ішінде автокөлікті мұқят басқаруды сұранамыз. Өйткені түрлі жағдайдағы көліктер жүреді. Әсіресе арнайы көліктерге жол берсеңіздер екен. Олар үнемі шұғыл шақыртулармен жүреді.
Мамандардың айтуынша, егер арнайы көліктерге жол беру мәдениеті арта түссе, төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстары әлдеқайда тиімді болады. Рейд алдағы уақытта да жалғасады. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелері кеңінен түсіндіріледі.