Облыс әкімінің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы бастамалар сараланып, инфрақұрылым мәселелері қаралды. Әкім әр жоба бойынша инвесторлармен жеке кездесіп, өзекті мәселелерді ашық талқылады. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Аймақ басшысы инвестициялық ахуалды жақсартуға үлес қосып отырған ірі компанияларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Инфрақұрылым дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасы ілгерілейді.
2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Түркістан облысына 694,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133,8%-ға жоғары. Тартылған инвестицияның 72,3%-ын жеке қаражат құрап отыр. Өңірде мақта, күріш және өсімдік майын қайта өңдейтін зауыттардың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын мен ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында да жаңа жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, биологиялық ыдырайтын пластик, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу, тамшылатып суару жүйесі, кірпіш және металл бұйымдарын шығаратын өндірістер ашылмақ. Барлық жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары инвесторларға нақты қолдау көрсетіп, жобаларды толық сүйемелдеуі тиіс. Инвесторлар да жобалардың уақытылы жүзеге асуына жауапты. Отырыста Түркістан қаласында салынып жатқан қуаттылығы 27,6 МВт болатын газпоршенді жылу электр станциясының құрылысы ерекше назарға алынды. Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы жүйеленіп, жаңа жобалар белсенді түрде іске асырылып жатыр. Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқын алған.