Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мейірімділік пен жанашырлыққа бағытталған игі бастамалар өз жалғасын табуда. Бүгін түрлі этнос өкілдері дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан әлсіз және көпбалалы отбасының балаларына арнап мектеп сөмкелері мен оқу-құралдарын табыстады. Жақсылық жасауға ниетті жандардың бұл әрекеті – ел ішіндегі бірлік пен татулықтың жарқын мысалы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Әлеуметтік қорғау, мәдени-рухани жобалар, білім мен ғылымды дамыту бағыттарында да жүйелі істер атқарды. Әр этнос өкілдері ел бірлігін сақтай отырып, болашақ үшін еңбек етуді басты мақсат деп біледі. Бүгінгі іс-шара соның айғағы.
ТАХИРБЕК НЫШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осы мерейтой аясында мейірімділік пен қамқорлыққа бағытталған іс-шаралар жалғасын табуда. Бүгін Ассамблея өкілдері дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына арнайы сөмкелер мен оқу құралдарын табыстады. Бұл көмек – жаңа оқу жылына жасалған зор қолдау ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзара ынтымақ пен жанашырлықтың көрінісі.
Оқу құралдары салынған сөмкені 200 балаға беру жоспарланған. Бүгін соның 50 пайызы қуанды. Сыйлық алған балғындар мен ата-аналардың алғыстан басқа айтары жоқ.
АЙГЕРІМ ГАБРДАХМАНОВА, ОҚУШЫ
Мен қуанып тұрмын. Бұл көп ақша болатын зат. Ол бізге көмек. Мен енді мектепке барамын, сабағымды жақсы оқитын боламын.
РӘЗИЯ ҚҰЛЫМБЕТОВА, АТА-АНА
Әрине бұл бір көмек болып тұр. Бір балаға 100 мың теңгеден ақша кетті десем, артық айтпаймын. Өйткені қазір бәрі қымбат. Киімі бар, аяқ киімі мен кітабы бар дегендей. Рахмет, балдарымыз өсіп-өніп, сабағының жақсы оқуына атсалысып жүре берйік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 30 жылдық мерейтой аясында мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өйткені Ассамблея үшін басты құндылық – халықтар арасындағы бірлік пен татулық, әрбір азаматтың қоғамнан өз орнын табуына жағдай жасау.