Түркістан облысында дзюдо күресін дамытуға арналған кеңейтілген шеберлік сабағы өтті. Төлеби ауданындағы «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешенінде өткен іс-шараға облыстың жаттықтырушылары мен жас спортшылары қатысты.
Шеберлік сабағын дзюдо күресінен ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Марат Файзиев пен оның шәкірті әрі ұлы – Азия ойындарының чемпионы, үш мәрте Олимпиада ойындарының қатысушысы Дидар Хамза жүргізді. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, спортшыларға пайдалы әдіс-тәсілдерді үйретті. Айта кетейік, дәл осы күндері аталған кешенде облыстың 23 жасқа дейінгі дзюдошы ұл-қыздары оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Басты мақсат – спортшылардың шеберлігін шыңдап, қыркүйектің 18–21 күндері Алматы облысында өтетін жастар арасындағы ел чемпионатына жоғары дайындықпен бару. Жиын барысында тәжірибелі бапкер Марат Файзиев әріптестеріне жаттығу әдістемелерін жан-жақты түсіндірсе, Дидар Хамза жапондық дзюдошылардың жарыста жиі қолданатын бірқатар тиімді тәсілдерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шеберлік сабақтарын жүйелі түрде өткізу өңірдегі бапкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, шәкірт тәрбиелеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге жол ашады. Жиынға қатысқан мамандар өздері үшін тың тәжірибе мен құнды мағлұмат алғандарын атап өтті.
МАРАТ ФАЙЗИЕ, ДЗЮДО КҮРЕСІНЕН ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Бүгінгі шеберлік сабағы – өңіріміздегі жаттықтырушылар мен жас спортшылар үшін өте пайдалы әрі маңызды тәжірибе болды. Біз мұндай кездесулер арқылы білімімізді, әдіс-тәсілдерімізді бөлісіп, бір-бірімізден үйренеміз. Әсіресе, жастардың ынтасы мен белсенділігі қуантады. Бұл – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз керек.