Облыс полицейлері бір күн ішінде 100-ден астам құқықбұзушылық фактісін анықтады. Аталған деректердің ішінде мал ұрлығы, қаруды заңсыз сақтау, автокөлікті құжатсыз жүргізу секілді заңбұзушылықтар бар.
«Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары Қарабұлақ ауылындағы төрт мыңға жуық үй мен шаруа қожалықтарын тексеріп, нәтижесінде құжатсыз және таңбаланбаған үш мыңнан астам мал анықталды. Сонымен қатар 12 мал сою орны тексеріліп, құжатсыз мал тасымалдаған 6 жүк көлігі ұсталды. Қару сақтау ережелерін бұзған 10 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге көші-қон заңнамасын бұзған 24 шетелдік анықталды. Рейд барысында барлығы 100-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде: Қоғамдық орындарды ластаудың 8 фактісі; Қауіпсіздік белдігін тақпаған 17 жүргізуші; Жүк және жолаушы тасымалдау ережелерін бұзған 24 жүргізуші. Сонымен қатар үш көлік айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлері мал ұрлығының, интернет-алаяқтықтың, экстремизмнің алдын алу және жол қозғалысы ережелерін түсіндіру мақсатында 11 мыңға жуық жадынама таратты. Полицейлердің айтуынша, мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.