Шымкентте сауда орындарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаладағы 19 базардың тең жартысы былтыр қайта құрылса, қалғаны биыл толықтай аяқталуы тиіс. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Жол картасына енгізілген «Авто-Нұр», «Орталық Қырғы», «Назым апа», «Жабық» және «Көктем» базарларында құрылыс қарқыны қызған.


Бұл «Назым апа» базары. Мұнда бірнеше жылдан бері сауда жасап келе жатқан кәсіпкер Сәуле Жолдасова бұрынғы ауыр күндерді еске алады. Қыста тоңып, жазда күннің астында күйген сәттері артта қалғанына дән риза. Бүгінде ол заманауи бутикте жұмыс істеп отыр.


СӘУЛЕ ЖОЛДАСОВА, КӘСІПКЕР

Бұрын сыртта жайылып тұратынбыз. Өзіміз қолдан салған буткада отырдық. Жағдай болмады. Су ағып, тауар бүлінетін. Жазда ыстықтың астында, қыста суықта тұрдық. Бірақ амалсыз сауда істедік.


Ал бұл Орталық Қырғы базары. Мұнда жаңа жерасты автотұрағы салынып, зергерлік, трикотаж және көкөніс павильондары пайдалануға берілді. Киім павильондарының құрылысы жалғасып жатыр. Саудагерлердің айтуынша, модернизациядан бері келушілердің қатары көбейген.


ГҮЛДАРХАН ӨСЕРБАЕВА, КӘСІПКЕР

30 жыл бойы саудадамын. Бұрынғы жағдай мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазір бізге барлық жағдай жасалған. Клиенттеріміз де үйреніп жатыр. Бұрынғыдай арба итеріп, жүк көтермейміз. Енді өзімізге адамдар келеді.


«Авто-Нұр» базарында да жұмыс қарқыны жоғары. 80 пайызға жуығы аяқталды. Ескі ғимараттар сүріліп, жаңа павильондар салынуда. Мұнда 1500-ден астам кәсіпкер еңбек етіп жүр.


ӘЛІБЕК АЙТБАЕВ, «АВТО-НҰР» БАЗАРЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Жұмыс бастамас бұрын әр кәсіпкермен ақылдасамыз. Оларға қалай ыңғайлы, соған қарай шешім қабылдаймыз.


50 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жабық базарда» да эскиз-жоба бекітіліп, құрылыс қызған.


ҒАЛЫМЖАН ЕРКЕБАЕВ, «ЖАБЫҚ БАЗАРЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Модернизациялау жұмыстары 2020 жылдан бері жүріп жатыр. Қазір 80-90 пайызы орындалды. Жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Базарда 500-ден астам кәсіпкер бар.


 Бұл «Көктем» базары. Қаладағы ірі азық-түлік орталығы саналатын мұнда да қайта құру басталды.


ЕРКЕБҰЛАН УСМАНОВ, «КӨКТЕМ» САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Бұрынғы ескі базар толық көшірілді. Бірінші қабатта құрылыс жүріп жатыр. Екінші қабатта аралас тауарлар сатылады. Үшінші қабатты дайындап жатырмыз. Қала әкімдігінің қолдауымен кәсіпкерлердің барлығы жаңа орынмен қамтылды.


Айта кетейік, Қазақстанда жаңғыртудан өтуі тиіс 100 базар бар. Соның төртеуі Шымкент қаласында орналасқан.


ЕРНҰР ЖӘУТІКОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ САУДА КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

«Басты мақсат көлеңкелі экономиканы азайту және кәсіпкерлерге жағдай жасау. Қазір келісімдер тікелей меншік иесі мен кәсіпкер арасында жасалады. Ортадағы делдалдар жойылды. Соның арқасында тауардың өзіндік құны төмендеп, халыққа қолжетімді бағада ұсынылуда.


Бүгінде шымкенттіктер саудасын бұрынғыдай шаң-топырақтың арасында емес, заманауи павильондарда жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлердің жағдайы жасалып, тұрғындар үшін де қолайлы орта қалыптасуда. Енді біраз уақыттан соң қаладағы базарлардың бәрі жаңаша кейіпке еніп, шымкенттіктерге сапалы қызмет ұсынбақ.