Түркістанда облысында жол сапасына залал келтіргендер жазаланады. Бұл туралы көліктік бақылау инспекциясының атқарған жұмыстары сараланған жиында айтылды. Нұралхан Көшеровың төрағалығымен өткен жиында алдағы жоспарлар да нақтыланды. Салада кешенді жұмыстар атқарып, жұмыс тобын құру ұсынылды. Қажет болған жағдайда рейдтік шараларды күшейту тапсырылды. Заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылады.


Түркістан облысының аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 466,4 шақырымды құрайды. Осы жолдарға автоматтандырылған өлшеу станцияларын мерзімінде орнатуды тапсырды. Өйткені жол сапасы басты назарда.


Автомобиль көлік құралдарының Түркістан облысы аумағы арқылы жүріп өткені үшін 6 айлық алым жоспары 120%-ға орындалған. Облыс аумағы арқылы өтетін көлік құралдарына бақылау жүргізіліп, 5 053 көлік құралы тексерілді. Оның ішінде, 1890-ы шетелдік тасымалдаушылар болса, 3 163 – отандық тасымалдаушылар. Нәтижесінде, жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 1 116 әкімшілік хаттама рәсімделді. Жалпы 31,7 млн теңге айыппұл салынып, оның 30,6 млн теңгесі өндірілді.


Облыс аумағында 110 карьер бар. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан жүк көліктеріне шамадан тыс жүк артпай тасымалдау барысын бақылау мақсатында жылжымалы көліктік бақылау бекеттерімен облыс аумағында және Сайрам ауданы, Түркістан, Арыс қалаларында рейдтік іс-шара өткізіліп, 686 самосвал тексерілді. Нәтижесінде, 210 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 15,8 млн теңге айыппұл салынды. Бүгінде оның 15,5 млн теңгесі өндірілді.