Жол сапасын арттыру – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мен қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттың бірі. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ақжар» тұрғын алабы, Бестоғай және Керімағаш көшелерінде жүргізіліп жатқан жол төсеу жұмыстарымен танысты.
Бұған қоса, жеке қабылдауда ғимараттың нысаналы мақсатын өзгерту мәселесін көтерген Тұран ауданы, 1 Мамыр көшесінің тұрғынымен кездесті. Жағдайдың егжей-тегжейін білмекке арнайы барып көрді. Кездесу соңында аудан әкіміне бұл мәселені қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарауды тапсырды. Сондай-ақ, Абай ауданындағы «Көкбұлақ» және «Алтынтөбе» тұрғын алаптарындағы Маңлай Момынұлы мен Ж.Оразбайұлы көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын бақылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жұмыстың сапасын қатаң қадағалап, техникалық талаптарға сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.