Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Түлкібас ауданына барып, аудан активімен кездесті. Басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелер мен алдағы мақсат-міндеттер жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы салық түсімдерін ұлғайту, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыру және жергілікті жобаларды жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Биыл Түлкібас ауданында туризм саласына 150,5 млн теңге инвестиция тарту көзделген. Облыс әкімі ауданның туристік әлеуетін күшейтуді тапсырды. Ақсу шатқалында экотуризмді халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дамыту қажеттігін атап өтті.
Ауданның жалпы өңірлік өнімі 37,3 млрд теңгеге жетіп, 19,6%-ға артты. Оның құрылымы: ауыл шаруашылығы – 47,4%, өнеркәсіп – 25,3%, сауда - 17,5%, құрылыс саласы - 9,8%. Жан басына шаққандағы өңірлік өнім 356 мың теңгені құрап, 49,6%-ға өсті.
2025 жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 17,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі – 17,2 млрд теңге. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 59,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды нәтижелі іске асырып, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу ісін жандандыруды тапсырды.