Оңтүстіктегі кәсіпкерлер электр энергиясының қымбаттауына алаңдаулы. Айтуларынша, тарифтің көтерілуі өндірісті тежеп қана қоймай, мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына әкелуі мүмкін.
Кәсіпкерлердің айтуынша, соңғы күндері электр энергиясының құны бірден 13 теңгеге көтерілген. Бұл әсіресе өнім өндіретін зауыттарға ауыр салмақ салғалы отыр.
БЕГІМ ҚҰДАБАЕВ, FERRUM-VTOR МЕТАЛЛУРГИЯ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Светтің бағасының көтерлуі біздің жұмысымызға тоқтау салады. Ертең көрші елдермен бәсекелесе алмай қаламыз. Баға өсіп кеткеннен кейін өніміміз өтпей қалады. Бұл мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына алып келеді.
Ферроқорытпа зауыты қазіргі таңда жаңа кремний өндірісін іске қосуды ниеттеніп отыр. Төрт пеш салынуы тиіс болса, соның екеуі салынып қойған. Егер зауыт толық қуатында жұмыс істесе, 700-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, тарифтің өсуі бұл жоспарды бұзып, өндірістің тоқтауына әкелуі мүмкін.
АЛМАСБЕК ОМАРОВ, КӘСІПКЕР
Әр тиын қосылған сайын бізге ауыр. Қазір 25 теңге болған жарық 38-ге дейін өседі дегенді естіп отырмыз. 78 теңгеге жетеді деген сыбыс та бар. Егер осылай жалғасса, өндірісті тоқтатуға мәжбүр боламыз.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, бағаның өсуі өндіріс орындарына ғана емес, қарапайым халыққа да ауыртпалық түсіреді. Өнімнің өзіндік құны қымбаттаса, оның базардағы бағасы да шарықтайды.
АЛМАСБЕК ОМАРОВ, КӘСІПКЕР
Неге тарифті көтерер алдында бізбен ақылдаспайды? Халыққа неге алдын ала хабарландырылмайды? Біз зауытты жоспарлаймыз, адамдарды жұмысқа аламыз, бірақ аяқ астынан осындай өзгерістер кедергі болып отыр.
Аталған мәселені талқылау үшін Оңтүстік индустриялық аймақтың өндірушілері бас қосып, үкіметке дейін жеткізуді көздеп отыр. Ал әзірге кәсіпкерлердің көтерген сауалына қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.