«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы қызметіне Ернұр Көшерханұлы Бурахан тағайындалды.
Ернұр Бурахан 1981 жылы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Журналистика саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар. Ол «Qazaqstan» телеарнасында тілші, тележүргізуші, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Ақтөбе облыстық филиалының директоры және «Қазақ радиолары» ЖШС директоры қызметтерін атқарған. Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасын басқарды.
Корпорацияны бұған дейін басқарған тәжірибелі медиаменеджер Ләззат Танысбай өз өтініші бойынша қызметінен кетті. Ол енді «Евразия» Бірінші арнасының жетекшілігін атқаратын болады.
Ләззат Танысбай 2019 жылдан бері «Қазақстан» телерадиокорпорациясын, сондай-ақ «Astana TV» телеарнасын және «Нұр-Медиа» медиахолдингін басқарды. Медиасалада 30 жылдан астам еңбек етіп, отандық ақпарат кеңістігінде көптеген реформалардың бастамашысы болды. Оның басшылығымен мәдени-ағартушылық бағыттағы «Abai TV» және балаларға арналған «Balapan» арнасы ашылды. Сонымен қатар, телевизиялық контентті цифрлық форматқа бейімдеу бағытында веб-телеарналар мен онлайн-платформалар іске қосылды.