Түркістан облысының әкімі Түлкібас ауданына арнайы сапармен барып, коммуналдық сала қызметкерлеріне заманауи техникалар табыстады. Бұл көліктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық тазалықты арттыру мақсатында пайдаланылмақ.
Облыстық қазынадан 305 миллион теңге бөлініп, тазалық мекемесіне 15 тіркемелі трактор мен 3 жүк тиегіш техника берілді. Сонымен қатар, қар тазалайтын құрылғылар мен жол сыпыруға арналған машиналар да жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 15 үш дөңгелекті шағын көлік сатып алу жоспарланып отыр. Кейінгі екі жыл ішінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан өңірінде коммуналдық сала жүздеген жаңа техникамен толықты. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Жаңа техникалар аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық округтерде де тазалықты қамтамасыз етуге жұмсалады. Бағдарлама аясында облыс халқы да белсенділік танытып, тазалыққа деген жауапкершілікпен қарап, ортақ іске үн қосып келеді. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендердің көркі мен келбетін арттыруға арналған маңызды бастама.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Тазалық жұмыстарын одан әрі жетілдіру мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, бүгін коммуналдық қызметке жаңа техникалардың кілтін тапсырудамыз. Бұл техникалар өңіріміздің таза, көрікті, жайлы болуына зор үлес қосады деп сенеміз. Сіздердің ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым табысты болсын