Түркістан облысына қарасты аудан-қалаларда инвестициялық жобалар саны артып, өнеркәсіп саласында оң нәтижелер байқалып отыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданындағы бірқатар өндіріс нысандарын аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.


Алдымен Шақпақ ауылында орналасқан «Кен-Тау» ЖШС-нің қарқынды алма бағына аялдаған облыс әкімі, мұнда қолданылып жатқан су үнемдеу технологиялары мен қосалқы қойманың құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 235 гектарды қамтитын өндіріс алаңында бүгінде 150 адам жұмыспен қамтылған. Биыл қосымша 27 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма көшеттері отырғызылмақ. Сонымен қатар, сыйымдылығы 2200 тонна болатын заманауи қойма құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарда бар. Ауданға сапар Т.Рысқұлов ауылында орналасқан «Стас и К» ЖШС-нің полиэтилен құбырларын шығаратын өндіріс цехында жалғасты. 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында газ және су желілеріне арналған құбырлар өндіріледі. Мұнда 40-қа жуық тұрақты қызметкер еңбек етіп жүр. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 6 мың тонна. Шығарылған өнімдер еліміздің ішкі нарығына жеткізіліп отыр.