Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтті. «Баланы мектепке дайындайық» атты акцияны AMANAT партиясының қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен Shymkent City Mall сауда орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Бүгін өткен игі шара аясында 150 балаға арналған әлеуметтік көмек жоспары жүзеге аса бастады. Жаңа оқу жылы қарсаңында жалпы 2000-ға жуық оқушыны мектеп формасымен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда аталған жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асып, 50 балаға мектепке қажет киімдер мен керек-жарақтар табысталды. Бұл — алдағы уақытта жүзеге асатын ауқымды жұмыстардың бастамасы ғана. Акция аясында оқушыларға кеңсе тауарларымен толықтырылған мектеп сөмкелері тарту етілді. Сонымен қатар балаларға Play Park ойын алаңына тегін кіру мүмкіндігі ұсынылып, Kinoplexx 9 City Mall кинотеатрында қызықты фильм көрсетіліп, тәтті дәмтатымдар мен сусындар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуына және ата-аналарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Әлеуметтік қолдауға арналған бұл бастама балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ата-аналар тарапынан ризашылыққа бөленуде. Жоба жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасын табады.
МҰРАТ ЖОЛДЫХОЖАЕВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«AMANAT» партиясында жеке қаржысы жоқ. «AMANAT» партиясында 22 депутат бар, 5 ауданымыз, 10 кеңесіміз бар. Сондықтан біз әрдайым осы жеке кәсіпкерлердің арқасында жастармен осындай шаралар өткіземіз. Осыған байланысты біз жастармен түрлі шараларды жеке кәсіпкерлердің қолдауымен тұрақты түрде өткізіп келеміз.