Бүгінде өзі таңдап алған кәсіптің қыр-сырын жетік меңгеріп, еңбекті адал атқарып жүрген жастар да жасымыстар да жетерлік. Соның ішінде жұмысы ауыр, жаны сірі маман иелеріне сұраныс аса жоғары. Әсіресе, айналаңды қоқыстан тазартуды кәсіби міндеті санайтындарға адамның да, қоғамның да айтар алғысы шексіз. Жұртқа қарапайым көрінгенімен, ішкі мәдениеті аса жоғары жандармен әріптестеріміз де жолығып қайтты.


Толқын Оразбаева 5 жылдан аса уақытын аула сыпыруға арнаған. Талай жыл саудамен айналысқан ол тағдырдың айдауымен осы салаға келіпті. 3 баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана. Қызметі қаншалықты ауыр болса да, сүйіп істейтінін айтады. Адал еңбекке деген ынтызарлық оны халық ризашылығына жетелепті.


ТОЛҚЫН ОРАЗБАЕВА, АУЛА СЫПЫРУШЫ

Жұмысым ауыр болғанда енді ауыртпалығы да бар, қинышылығы да жеңілі де бар, бәріне төземіз. Өзіме бірақ ұнайды кәсібім. Тазалықты сақтағанды жақсы көремін. Жұмыскерлермен де жақсымыз. Өте татумыз, бірігіп кіріссек береке болады.


 Шымкентте аула сыпырушылардың таңы 5-тен атады. Есесіне, тұрғындар оянғанша, аула таза, қала да көрікті. Әсіресе, орталық аумақтың тазалығына жауапты мамандар уақыттан бұрын сапаға жұмыс істейді екен. Қазірде Еңбекші ауданы тазалығына жауапты 220 маман бар.


БАҒЛАНБЕК ХАЛДАРОВ, «ГРУППА ИНТЕКО» МЕКЕМЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Біздің мекеме 2023 жылдың наурыз айынан бастап еңбекші ауданына қарасты жерлердің тазалығына қарап келе жатырмыз. Мекемеде 70-тен аса техника бар. Оның ішінде көше жуу жұмыстарын атқаратын, қыста қар күреуге арналған.


 Аула сыпырушының еңбегі ерен. Кәсібі тазалықпен үндескен жандар жерлестерін қоқыстарды шашпай, барынша таза ұстауға шақырады.