"Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған". 22 тамыз – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеден озған күні. Жылдар өткен сайын халқымыздың асыл перзентіне деген сағынышы мен құрметі арта түсуде. Бүгін мегаполистегі зиялы қауым өкілдері Д.Қонаев пен Тәуке хан даңғылдарының қиылысындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Мінберден сөз алғандар Дінмұхамед Ахметұлының ел өркендеуіне қосқан еңбегін, басшылықтағы көрегендігін, қарапайым әрі зиялы болмысын ерекше атап өтті. Олар ұлы тұлғаның өмір жолын жас буынға кеңінен таныту – бүгінгі ұрпақтың басты парызы екенін айтты.
ОРЫНБАЙ РАХМАНБЕРДИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Қонаев деген кісіменен Тәшенов деген кісі екеуі бірге қызметтес болды. Екеуіде бір мәселемен қызметтен алынды. Қонаевты Оңтүстікті бермейсің Маңғыстауды бермейсің десе Тәшеновты тың игеру жерлерді Ресейге бермейсің деп қызметтен алды.
КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Жылда осы жерде екі рет кездесетін болсақ Соның бәрінде Димаш Ахметовичтің елге еткен еңбегін жақсы жұмысын ұлтқа еткен жақсы жұмысын әрқашанда айтып отырамыз. Қанша айта берсекте арзитын азамат. Осындай тұлғаларды тұлға тану ретінде жастарға үйрету оқыту әлі де ақсап тұрған жағдайы бар.
Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев – Қазақстанды ширек ғасыр басқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Ресми деректерге сүйенсек, Қонаев басқарған кезеңде республиканың өндірістік қуаты 700 пайыздан астам өсіп, өнеркәсіп көлемі 9 есе, ауыл шаруашылығы 6 есе, күрделі құрылыс 8 есе артқан. Бұл оның қажырлы еңбегінің айқын айғағы. Еске алу шарасында ескерткішті гүлзардың көрнекті тұсына – көпшілік назарындағы орынға көшіру мәселесі көтерілді.
БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Осы кісінің осы ескерткішін алып үлкен проспектінің бойында тұрған музейінің алдына жарқыратып қойса қандай тамаша болады. Келер жылғы жиындарды сол жерде өткізсек қандай лайықты тірлік болады.
Халық ықыласына бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – ел мүддесін бәрінен жоғары қойған, адалдығы мен іскерлігі үшін ел есінде қалған дара тұлға. Оны дәріптеу, өскелең ұрпаққа өнеге ету – келешек алдындағы міндетіміз.