Шымкент қаласында жаңа қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Кезекті жұмыс сапары барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Тұран-2» шағынауданындағы жаңа саябақтың ашылу рәсіміне қатысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайтын бұл демалыс орны демеушілердің қолдауымен салынды. Қоғамдық нысанда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, велосипед жолағы, субұрқақ, балалар және спорт алаңдары, сондай-ақ автотұрақ қарастырылған.
Саябақ аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 1,8 гектар жерге жасыл желек егілді. Түрлі қылқанжапырақты және жапырақты ағаш көшеттері отырғызылып, аумақ толықтай жарықтандыру жүйесімен жабдықталды. Қала тұрғындарымен әңгіме кезінде қала басшысы қоғамдық кеңістіктердің артуы – инфрақұрылымның дамуына ықпал етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсер ететінін айтты. Сонымен қатар, әкім дендросаябақтағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл шаралар әлеуметтік жауапкершілік аясында бизнес қауымдастығының қолдауымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде аумақты көркейту, заманауи спорт және ойын алаңдарын орнату қарастырылған.
Қазіргі таңда дендросаябақта пандустары бар инклюзивті ойын аймағы, төрт воркаут алаңы, сәндік аркалар мен перголалар, балаларға арналған түрлі ойын кешендері және демалыс орындықтары орнатылды. Барлық жоспарланған кезеңдер толық аяқталған соң, бұл орын қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі заманауи демалыс алаңына айналады. Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында қала әкімі Абай ауданындағы «Алтынтөбе» және «Көкбұлақ» тұрғын алаптарында жүргізіліп жатқан жол құрылыстарының сапасын тексеріп, Әл-Фараби ауданындағы Ә. Молдағұлова көшесі мен «Қарасу» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығын бақылап шықты. Аталған нысандардағы жұмыстардың барысымен танысқан әкім жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды міндеттеді.