Түркістандық кәсіпкерлер жарық бағасының қымбаттауын дұрыс қабылдап отыр. Электр энергиясын өндіру мен тасымалдау қызметінің көтерілуімен қолға алынған бастаманы қолдайтындарын жеткізді. «Оңтүстік Жарық транзит» мекемесінің мамандары жергілікті кәсіп иелерімен кездесіп, жағдайды толық түсіндірді. Жиында индустриалды аймақта жарық тұтыну саласына қатысты бірқатар мәселе көтерілді.
Түркістан облысында 20-ға тарта индустриалды аймақ бар. Осы орындардағы кәсіпорындар үшін электр энергиясын жеткізу – жергілікті әкімдіктің міндеті болатын. Тариф бағасы үшін де арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Соңғы өзгеріске кәсіпкерлер де оң көзқараста.
РУСЛАН ЖҰМАШБЕКОВ, «ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАР» БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ
Кәсіпкерлер бағаның өсуіне келісіп отыр. Өйткені мынау электр энергиясының жеткізілуі, өндірілуі жағынан қызметтер көтерілген. Одан да басқа мәселелер қаралып жатыр. Біз кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылым саласын толық жеткізуге әрекет етеміз. Басқа жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.
Мамандар тариф бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Айтуларынша электр энергиясын өндіру мен жеткізу қызметінің бағасы қымбаттаған. Соның есебінен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарифті көтеруге мәжбүр болған.
ҰЛТАЙ ИБРАГИМОВА, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» МЕКЕМЕСІНІҢ МАМАНЫ
Бұл бастама негізінен бағаның өзіндік құнының өсуімен қолға алынып отыр. Яғни осы электр энергиясы бізге де қымбат бағамен жеткізілді. Сондықтан бүгін осы жаңалықпен бөлісіп жатырмыз. Кәсіпкерлер де өз сауалдарын жолдап отыр.
Айтып өтейік, тарифтің қымбаттауына жанармай, құрылыс материалдарының құнының шаруықтауы да сеп болып отыр. Саладағы кадрларды ұстап қалу үшін жалақыны қайта қарау қажеттілігі туындаған. Жылдар бойы тарифтердің жасанды түрде төмен деңгейде ұсталып, индексацияланбауы да қымбатшылыққа жеткізген. Ал бұл бастама кәсіпкерлерден қолдау тауып отыр.