Түркістан облысында әлеуметтік бағыттағы мекемелерді қадағалау мақсатында арнайы топ жасақталды. Бұл жұмыс тобы екі күнге созылатын іссапар барысында Түркістан мен Кентау қалалары, сондай-ақ Сайрам, Сауран және Төлеби аудандарындағы Отбасын қолдау орталықтары мен Жастар денсаулығы мекемелерінің қызметін зерттейді.


Осыған байланысты комиссия өкілі Баян Жандосова мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің маманы Тимур Мұратов өңір әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесу өткізді. Әңгіме барысында аймақтағы «Отбасын қолдау орталықтарының» атқарып жатқан жұмысы талқыланды. Қазіргі таңда Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында қиын жағдайға тап болған жандар мен жанұяларға кешенді көмек көрсететін 17 мекеме жұмыс істеп тұр. Бұл құрылымдардың қызметін цифрландыру мақсатында FSM Social атты мобильді жүйе іске қосылған. Қосымша арқылы мұқтаж азаматтар туралы ақпарат тікелей орталықтарға жеткізіледі. Сонымен бірге, кешенді үлгіні жүзеге асыру үшін барлық аудан мен қалада әкімдердің қаулысымен бір жылдық мерзімге арнайы мобильдік топтар құрылған. Жалпы облыс бойынша осындай жедел топтарға 4 997 маман тартылған. Оның ішінде жергілікті билік өкілдері – 613, құқық қорғау саласынан – 674, білім беру мекемелерінен – 2 743, денсаулық сақтау саласынан – 967 қызметкер. Бұл мамандардың 94 пайызы, яғни 4 693 адам, арнайы семинарлардан өтіп, біліктілігін арттырып, жүйеге енгізілген.