«Біз біргеміз» лагері еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастарды бір арнаға тоғыстырды. Қалалық ҚХА мен «Ассамблея жастары» ұйымының ұйытқы болуымен «Красные скалы» демалыс аймағында өткен іс-шарада мамандар жастармен ашық пікір алмасып, құнды кеңестер берді.


Лагерь қатысушыларына тұлғалық даму, кәсіптік бағдар, құқықтық жауапкершілік, өзара қарым-қатынас мәдениеті және өмірлік мақсат қою бойынша танымдық семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Team Coaching, Career Coaching, Relationship Coaching, Life Coaching және құқықтық сауаттылық тақырыптарында тәжірибелі мамандар дәріс оқыды.


НҰРСҰЛТАН ЕСКЕНДІРОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Семинарда достар тауып, қарым-қатынас құрып, жаңа достармен танысып, жақсы болып жатырмын. Ұйымдастырушыларға семинар үшін алғысымды білдіремін.


Бұдан бөлек, спорттық ойындар, бампербол сайысы, өнер байқаулары мен топтық жарыстар ұйымдастырылып, жастардың достығы мен ынтымағын арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов спорттағы өз тәжірибесімен бөлісті.


ЖАНДОС ҚАЛТАЕВ, АМАНАТ ПАРТИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысы ынтымақ, бірлік туралы айтып отырады. Осыған байланысты Ассамблечя жастары үлкен лагерь ұйымдастырып отыр. Біріншіден достық арттырып, екіншіден өмірге қажетті дағдыларын алып, өз өмірлерінде іске асыратын болады.