Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізді. Басқосуға кеңес мүшелерімен бірге БАҚ өкілдері мен тиісті мемлекеттік орган басшылары қатысты.


Күн тәртібі бойынша төрт негізгі мәселе қаралды. Алдымен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбектің есебі тыңдалды. Ол аудандағы инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.


ДОСБОЛ ЕСІЛБЕК, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Келесі болып Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев баяндама жасады. Оның айтуынша, аудандағы бірқатар нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген.


АЛМАС АБАЕВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұдан кейін қаладағы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рахымбек Әліш есеп берді. Оның дерегінше, Шымкентте биыл 158 білім беру ұйымы аттестаттаудан өтуі тиіс. 69 балабақша тексерілгенімен, тек 15-і ғана бірден талапқа сай болған. Қалғандарында заң бұзушылықтар анықталған. Ал мектептерді аттестаттау қазан айынан басталады. Өткен жылы тексерілген 70 мектептің 18-і ғана талапқа сай шыққан. Негізгі кемшіліктер – оқу жоспарларының сәйкессіздігі мен бағалау жүйесіндегі олқылықтар. Департамент басшысы білім сапасын арттыру бағытындағы шараларды да атап өтті.


РАХЫМБЕК ӘЛІШ, БІЛІМ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Кеңесте Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Бауыржан Азимбердиев те есеп берді. Оның айтуынша, биылғы жеті айда қалада 812 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылып, көрсеткіш былтырғыдан 15 пайызға артқан. Индустриялық аймақтарда жалпы құны 685 миллиард теңгеге 446 жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 26 пайызға көбейіп, 425 миллиард теңгеге жеткен.


БІРЖАН ӘЗІМБЕРДИЕВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныстарын білдіріп, әкімдер мен басқарма басшыларының баяндамаларын назарға алды.