Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданына барды. Жұмыс сапары аясында Суханов көшесіндегі шұңқырларды жамау жұмыстары және Алтынсарин көшесін қайта жаңарту барысы қаралды. Аталған жоба қаланың әкімшілік-іскерлік орталығын «Тұран» шағынауданына қосуға және Бәйдібек би даңғылындағы көлік ағынын төмендетуге мүмкіндік береді.


Жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігер ұйымға аумақты көгалдандыру және автоматты суару жүйесін орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сапар барысында Әл-Фараби ауданындағы Молдағұлова көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер ауласында салынатын жаңа қоғамдық кеңістікке арналған алаң да тексерілді. Аталған сквер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады. Жауапты тұлғаларға тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу міндеттелді. Сонымен қатар Еңбекші ауданында орналасқан жеке кәсіпкер Әлімтаевқа тиесілі KEMEL DAN сауда маркасымен ұн өңдейтін және макарон өнімдерін өндіретін цехтардың жұмысы таныстырылды. Қазіргі таңда бұл кәсіпорында тәулігіне 120 тоннаға дейін бидай өңделіп, 100-ден астам жұмыс орны құрылған. Бұдан бөлек, Pioner Grain Products жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік қызметі де назарға алынды. Кәсіпорын ұн, кондитерлік өнімдер мен ішкі есіктер өндірумен айналысады. Мұнда 237 тұрақты жұмыс орны құрылып, өндірістік қуаты тәулігіне 500 тонна бидайды құрайды. Тиісті басқармаларға кәсіпорын өнімдерін нарыққа ілгерілетуге жәрдемдесу және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету тапсырылды.