Биылдан бастап оқушылар сабақта жасанды интеллектіні пайдалана алады. Бұрын арнайы презентациялар, ашық сабақтар қағазға түсіріліп қорғалатын болса, қазір лед-тақталарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Яғни түрлі инновациялық әдістер, цифрлық технологиялар және жеке оқыту траекториясы секілді жаңашыл бастамалар енгізілмек. Ордабасы ауданында өткен дәстүрлі конференцияда осы және бұдан өзге де білім саласындағы жетістіктер сараланып, жүзеге асыратын жоспарлар нақтыланды.


 Конференция «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылды. Мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, салада кездесетін проблемалардың шешу тетіктерін қарастырды. Оқушылардың білім сапасын арттыру, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және жаңа цифрлық технологияларды оқу процесіне енгізу жолдары жан-жақты талқыланды.


 Іс-шараға Ордабасы ауданынан 600-ге жуық ұстаз жиналды. Қазіргі таңда мұнда 136 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 76-сы жалпы білім беретін мектеп; 61-і мектепке дейінгі мекеме; Ал үшеуі қосымша білім беру ұйымына жатады. Оқушылар саны 37 мыңға жуықтаса, балабақшаларда 8 681 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.


 Жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Атап айтқанда, екі мектеп қайта жаңартылса, бес білім ошағындағы жылу жүйесі табиғи газға ауыстырылып жатыр. Оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мұнымен аяқталмайды. Алда атқарар талай шаруа бар. Тамыз кеңесінде күрмеуін күткен кейбір мәселелердің түйіні тарқатылып, сала үздіктері қормет-қошеметке бөленді.