Биыл 400-ден астам үміткер арасынан 168 талапкер Генерал Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледждің бірінші курс студенті атанды. Бұл конкурсқа қатысқандардың әрбір үшіншісі оқу орнына қабылданғанын көрсетеді. Колледж басшылығы ата-аналармен арнайы кездесіп, оқу процесімен таныстырды. Ішкі тәртіп пен болашақ әскери мамандарға қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпараттандырды. Еркін форматтағы кездесуге арнаның түсірілім тобы да қатысып қайтқан еді, көрейік.


 Іс-шара барысында ата-аналар колледждің оқу процесін, материалдық-техникалық базасын және инфрақұрылымын өз көздерімен көріп шықты. Атап айтқанда, оқу корпустары, казармалар, спорт залдары және заманауи оқу жабдықтарымен қамтылған сынып бөлмелері таныстырылды. Сонымен қатар оқу орнының күн тәртібі, білім беру мүмкіндіктері, әскери дайындық және дене шынықтыру сабақтарының өткізілу тәртібі айтылды.


 МАҚСАТ АХШАЛОВ, ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖ БАСТЫҒЫ:

“Бүгін біз ата-аналарды арнайы шақырып, оқу барысы, әскери атақ беру тәртібі, әрі болашақта түлектеріміздің қызмет ету мүмкіндіктері туралы толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл – ата-аналардың көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап беру және сенімді арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара”


Колледжге жаңадан қабылданған 168 курсантқа әскери киім үлгілері, жабдықтар және күнделікті пайдалануға қажетті заттар таныстырылып, тәртіп пен жауапкершілікке үйретудің алғашқы кезеңдері басталды. Осы кездесуге арнайы Қызылорда облысынан келген ата-ана Ғалымжан Утегенов ұлының беделді оқу орнына қабылданғанын мақтанышпен жеткізді.


ҒАЛЫМЖАН УТЕГЕНОВ, АТА-АНА:

“Ұлымыз 9-сыныптан кейін осы әскери колледжге түсті. Бүгін оқу орнының басшылығы бізге оқу бөлмелерін, жатақхананы көрсетті, офицерлік құраммен таныстырды. 400-ден астам үміткердің арасынан ұлымның іріктеліп, осындай беделді оқу ордасының қатарына қосылғанына өте қуаныштымыз”


 Кездесу соңында ата-аналар колледж аумағын аралап, оқу-тәрбие процесінің қалай ұйымдастырылғанына көз жеткізді. Колледжде сапалы білім алуға, спортпен айналысуға, әскери тәртіп пен патриоттық рухты бойға сіңіруге барлық жағдай жасалған. Ұландардың жан-жақты дамуына бағытталған білім беру бағдарламасы мен тәрбие жүйесі ата-аналардың көңілінен шықты.