30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Осы мереке қарсаңында мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов Ата Заңның мәні мен маңызы туралы өз ойымен бөлісті.


Оның айтуынша, әр халықтың өзіндік әдет-ғұрпы мен заңдылықтары болады. Ал мемлекеттің басты тірегі - Конституция. «Заң көп, бірақ соның ішінде ең төресі бар. Ол - Ата Заң. Конституция қоғамда өмір сүрудің барлық тәртібін айқындап қойған негізгі құжат», - деді қайраткер. Шалатай Мырзахметов еліміздегі басқару жүйесіне де тоқталды. Оның сөзінше, қарапайым халық көбіне биліктің барлық тетігі әкімнің қолында деп ойлайды. Алайда Конституцияға сәйкес, мәслихаттардың рөлі айтарлықтай жоғары.


ШАЛАТАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Мәслихат халық сайлаған депутаттар ұйымы. Олардың басты міндеті елдің мұң-мұқтажын жеткізу, қоғамды реттеу. Ал аудан мен облыс әкімдері жылына екі рет осы мәслихат алдында есеп береді.


Қоғам қайраткері мәслихаттардың басшылары сауатты болса, қоғам дамуы да айқын болатынын атап өтті. Ата Заң – елдің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін басты құндылық. Әр азамат заңды құрметтеп, қандай жағдайда да оны жоғары қоюы тиіс. Сондай-ақ ол барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.