Сұрапыл соғыс уақытында елге бейбіт өмір сыйлауға атсалысып, тылда еңбек еткен Шымкенттік қарияға құрмет көрсетілді. Абай ауданы әкімшілігі мен ардагерлер кеңесі бірігіп, ардагерге азық-түлік себетін табыстап, жүрекжарды ықыластарын білдірілді. Бұл аға буынға жасалған құрметтің белгісі ғана емес, ел тарихына, егемендік пен тәуелсіздік құндылықтарына деген тағзымның айқын көрінісі.
Жасы 91-ден асса да Анар Жұпабаева әлі де тың. Емін-еркін жүріп-тұрып, тіпті күнделікті таза ауада серуендеп, немерелеріне керек жарағын сауда үйлерінен өзі әкеліп беріп отырады екен. Қазіргі ширақтығым тынбай еңбек еткенімнің арқасы дейді. Соғыстың ауыр кезеңін басынан өткерген ол зұлмат заманда масақ теріп, отын шауып, қой жүнінен киіз басып, қолғап пен шұлықтан бастап кілемге дейін тоқып, айналасына жақсылық жасады.
Алтын құрсақты ана 14 бала көтеріп, 9 қыз бен 5 ұл тәрбиелеп өсірген абзал жан. Қазір немере-шөберелерінің ортасында, елдің құрметіне бөленіп отырған жайы бар.
Анар әженің қажырлы еңбегі мен сүріп өткен адал өмір жолы бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі. Осындай ардақты аналарға көрсетілген құрмет ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елдің бірлігі мен рухани байлығын арттыра түсері анық.