Шымкентте Орталық Азияда алғаш рет «Жаһандық технологиялық толқын» халықаралық цифрлық конференциясы өтті. Әлемдік IT көшбасшылар, инвесторлар, халықаралық корпорациялар мен жас кәсіпкерлер бас қосқан алаң қазақстандық жобаларға инвестиция тартуға, менторлық қолдау алуға және стратегиялық серіктестік орнатуға зор мүмкіндік берді.


 Форумда өз шешімдерін ұсынған компаниялардың бірі - Bitrix24. Бизнес-процестерді автоматтандыратын кешенді онлайн қызмет сатуды басқаруға, жобаларды үйлестіруге, интернет-дүкен мен веб-сайт құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жұмыс кеңістігін ұйымдастырып, құжат айналымы мен клиенттік базаны бір жүйеге біріктіреді.


 ДӘУРЕН ТАЙЫРОВ, CRM CONSULTING КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Компанияларды басқаруға арналған электрондық автоматтандырылған құралдарды ұсынамыз. Бұл тапсырмаларды тиімді орындауға және жалпы басқару процесін жеңілдетуге көмектеседі.


Конференция аясында компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін көрмеде таныстырды. Солардың бірі - өңірлік технопарк Shymkent Hub. Бұл кешен тек оңтүстік өңірге емес, бүкіл елдің IT саласына серпін беруді көздейді. Оның мақсаты - технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілету, стартап мәдениетін қалыптастыру және цифрлық білім беру сапасын арттыру.


ТИМУР ҚОЗЫКЕЕВ, SHYMKENT HUB ДИРЕКТОРЫ

Бүгінгі форумға өз жобаларымызды әкеліп, қала тұрғындарына таныстырып жатырмыз. Шымкент қаласының IT әлеуетін кеңінен түсіндіру-біздің басты мақсатымыз.


Форумда іскерлік және көрме бағдарламасы қатар өтті. Түрлі нарықтардағы сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер талқыланды. Бағдарламада 120-дан астам спикердің қатысуымен панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Айта кетейік, келесі «Жаһандық технологиялық толқын» конференциясы Үндістанда өтеді.