Биыл Шымкент марафонына жеті мыңнан астам спортшы қатысты. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен көп. Жүгіру шарасына еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция және Ыстамбұлдан келген спортшылар да қосылды. Бұл - марафонның халықаралық деңгейге көтеріліп келе жатқанын дәлелдейді.


 Жарыс дәстүрлі түрде 42, 21, 10 және 5 шақырымдық қашықтықтарда өтті. Марафон Шымкент Плаза алдынан басталып, Түркістан көшесі, Қонаев даңғылы мен Арғынбеков көшесі арқылы жалғасты. Ұйымдастыруға қала әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті.


МАДИНА БОЛАТХАНҚЫЗЫ, ҚАТЫСУШЫ

Өзім үшін жаңа рекорд жасадым. 10 км-ді 56 минутта жүгірдім. Ұйымдастыру керемет болды.


ИСЛАМ АМАНҚОС, ҚАТЫСУШЫ

42 км қашықтықта бірінші орын алдым. Уақытым – 2 сағат 27 минут. 2019 жылы да осы қашықтықта чемпион болғам. Алты жылдан кейін қайта жеңіске жеттім.


 Қауіпсіздік үшін жарыс бойында жедел жәрдем бригадалары, полиция қызметкерлері және волонтёрлер кезекшілікте тұрды.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.

Марафон – қала тұрғындары үшін үлкен мереке. Салауатты өмір салтын насихаттау – біздің басты мақсатымыз.


Марафон мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолжетімді болды. Арнайы жағдай жасалып, қашықтықтар кедергісіз өтті. Қатысушыларға бағыт-бағдар көрсетіп, су мен тағам таратқан мыңнан астам волонтёр көмектесті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен демеушілердің бағалы сыйлықтары табыс етілді.