Еліміз бойынша қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкентте кең көлемді жалпы қалалық сенбілік өтті. Игі шараға мәдениет мекемелерінің екі мыңнан астам қызметкері белсене қатысты.


Сенбілік барысында Сырым батыр көшесі бойындағы арық-атыздар тазаланып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Қураған шөптер орылып, жол жиектері ретке келтірілді.


 МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы аясында азаматтық міндетімізді орындап жатырмыз. Әр қаланы таза ұстау, табиғатты аялау - еліміздің әр тұрғынының парызы.


Сенбілікке қаладағы танымал өнер майталмандары да атсалысты. Жақсы көңіл-күймен жиналғандар мұндай шараларды жиі өткізу керектігін айтты.


УӘЛИБЕК ӘКІМХАНҰЛЫ, ЖҮСІП АҚШОРА, «ШАНШАР» ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСТЕРІ

Әр адам өз ауласын, тұрған жерін таза ұстап, көгертіп отырса - бұл жақсы емес пе? Таза қала - мықты қала. Үшінші мегаполис атанып отырған Шымкентке лайық болуы үшін мұндай сенбіліктер қажет.


 Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа жанашырлық танытуға бағытталған. Қала тұрғындары ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсетіп, туған өлкенің тазалығына үлес қосты. «Шаһардың тазалығы - тек мемлекет емес, әрбір азаматтың борышы», – дейді сенбілікке қатысушылар.