Қазақ боксы тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік! Ливерпульдегі әлем чемпионатында ағайынды Сабырхандар қатарынан чемпион атанды. 55 келіде Махмұд Сабырхан испаниялық Рафаэль Лозано Серраноны 5:0 есебімен айқын жеңді. Ал 19 жастағы Төрехан Сабырхан 70 келі салмақта жапониялық Сэвон Окадзаваны тізе бүктірді.


Жеңіс сәтінен кейін ағасы бауырын рингте иығына көтеріп, жанкүйерлерді қуантты. Екі боксшыны да жаттықтырушы Ильяс Оралбеков дайындаған. Махмұд - екі дүркін әлем чемпионы. Бұған дейін 2021 жылы күміс, 2023 жылы алтын медаль таққан. Ал Төрехан алғашқы әлем чемпионатында-ақ жеңіс тұғырынан көрініп, ағалы-інілі қос чемпион ретінде қазақ боксының тарихына енді.