Жұмысшы мамандықтар жылы – еліміздің еңбек нарығындағы өткір мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған ауқымды бастама. Түркістан облысында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып, нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл жұмыстардың есебі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қаралды. Облыс басшысы жұмысшы мамандықтар жылында жүзеге асырылып жатқан шаралардың формальды емес, нақты нәтиже беруін қатаң тапсырды.


Жастардың техникалық және өндірістік салаға бет бұруын арттыру, жұмыссыздықты төмендету және еңбекке адал көзқарасты қалыптастыру – осы бастаманың басты мақсаттары. Жұмыс орындарын көбейту, шетелдік инвесторлар тартқан өндірістерге отандық мамандарды даярлау, жастарды кәсіптік біліммен қамту сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінде тұр.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру - тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Жастарды нақты өндіріске, заманауи зауыт-фабрикаларға тарту арқылы біз өңірдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз. Мемлекет басшысының жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» - бұл еңбек адамына құрмет пен қолдау, халқы тығыз орналасқан біздің өңіріміз үшін аса маңызды.


Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 47 450 студент 84 түрлі мамандық бойынша білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 15 500 грант бөлінсе, соның ішінде 8 880 грант жұмысшы мамандықтарына берілді. Студенттер нақты кәсіпорындарда тәжірибе жинап, оқуын бітіре салысымен жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болуда.


АЙГҮЛ ҚАСЫМБЕКОВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Былтыр колледжді 12 538 түлек бітіріп, соның 75,7%-ы жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік тапсырыспен білім алғандардың 79,5%-ы еңбекке араласқан. Биылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі алғашқы екі айда 48% көрсетіп отыр. Дуалды оқыту жүйесіне 36 колледжден 31 779 студент (35%) қатысуда.


Түркістан облысы бойынша 2 178 бос жұмыс орны тіркелсе, соның 47%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Онлайн оқыту арқылы 5 333 адам қайта даярланып, сертификат алды. 2025 жылы «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орны ашу көзделсе, қыркүйекке дейін 100 807 жұмыс орны ашылып, соның 32 473-і жұмысшы мамандықтарына тиесілі.


ӘСИЯ ТЕМІРБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Түркістан облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында нақты жұмыстар атқарылып, алғашқы тоғыз айда елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Жұмыс орындарын арттыру, мамандар даярлау, дуалды білім беруді дамыту және жастардың техникалық салаға қызығушылығын ояту – бұл бастаманың басты нәтижелері.


 Жыл басынан бері 64 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. 7 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Ашық есік күндері аясында 37 өндіріс орнына 10 мыңға жуық адам, оның ішінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері барып, өндірісті өз көзімен көрді. Колледждерде бизнес-стартаптар, халықаралық аккредитация және жаңа жатақханалар салу жұмыстары да қолға алынған.