Түркістанда Орта Азияда теңдесі жоқ заманауи «Ескек есу» арнасы ашылды. Мерекелік шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Бұл – тек спорт нысаны ғана емес, күллі өңірдің дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіретін символикалық оқиға.


«Ескек есу» каналы – халықаралық стандарттарға толықтай сай. Мұнда, академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлерімен айналысуға толықтай мүмкіндік бар.


 Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, арнаның Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті жеткілікті. Нысан Қазақстанды халықаралық спорт аренасында жаңа деңгейге көтереді, деген үміт те жоқ емес.


 Салтанатты шара аясында Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев арасында тарихи меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Түркістанды Орталық Азиядағы алғашқы есу спорты хабына айналдыруға жол ашпақ.


ТОМАС КОНИЕЦКО - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙДАРКА ЖӘНЕ КАНОЭ ЕСУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

«Сіздердің спортшыларыңыз соңғы кезде үлкен жетістікке қол жеткізіп жатыр. Оның ішінде алты бірдей ескек есу шебері Париж олимпиадасына іріктеліп алынды. Сондай – ақ, Хуанжоуда өткен Азия ойындарында сіздердің спортшыларыңыз ерекше жетістікке жеткенін атап өткім келеді».


Биыл Түркістан облысында 102 спорт нысаны пайдалануға берілсе, тағы 10 нысан 2026 жылы іске қосылады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 22 бейімделген спорт секциясы ашылып, инклюзивті ортаның дамуына басымдық берілуде. Ал, «Ескек есу» арнасы – еліміздегі спорт инфрақұрылымының, жастар саясатының және өңірлік туризмнің симбиозына айналмақ. Бұл – болашақ чемпиондар мекені ғана емес, ұлттық мақтанышқа айналар нысан, деді облы әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде.


«Ескек есу» каналы ашылу салтанаты тек спорттық қана емес, нағыз мәдени феноменге айналды. «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивалі шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтары су үстіндегі шоу, флайборд, лазерлі және фонтан қойылымдарын тамашалады. Түркістан аспанын түрлі-түсті әуе шарлары, отшашулар мен лазерлер жарықтандырды.