Демалыс күндері Шымкент тұрғындары қала өнерпаздарының өнерін тамашалады. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелер сенбі-жексенбі күндері қала тұрғындары мен қонақтарына тегін концерт ұсынуда. Жаз бойы жалғасқан «Шымқала кештері» бағдарламасы енді қала шетіндегі елдімекендерге де жетті. Бұл жолы Сайрамда өткен кешке арна тілшісі де қатысып қайтты. Толығырақ – сюжетте.
«Шымқала кештері» Сайрам, Өтеміс, Жаңаталап, Көкбұлақ елдімекендерінің мәдениет үйлерінде өтті. Бағдарламаның мақсаты - шымкенттік сазгерлердің шығармашылығын насихаттап, музыкалық мұраны кеңінен тарату, мәдени құндылықтарды сақтау.
МУНИРА СМАИЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Өте үлкен рахметімізді айтамыз. Мәдениет адамның мінез-құлқын қалыптастырады, мейірімге баулиды. Халықтың көңілін көтерген ұйымдастырушыларға алғысымыз зор.
НАСИБА МОМИНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осындай шығармашылық кеш үшін жауаптыларға рахмет. Әр сенбі сайын мәдениет үйімізде концерт өтіп тұрады. Ән тыңдап бір сергіп қаламыз. «Шымқала кештері» жалғаса берсін.
Сайрамдағы концертте Өзбек драма театрының әртістері өнер көрсетті. Сазды әуен мен түрлі қойылымдар көрерменнің көңілін көтерді.
ЕРАЛИ ТОЛАМЕТОВ, ӨЗБЕК ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Әр өңірдегі мәдениет үйлерінде Шымкент театрларының әртістері жаздан бері «Шымқала кештері» атты концерттік бағдарламаны ұсынып келеді. Күзде де жалғасып жатыр. Бұл тұрғындардың демалысын көркейтіп қана қоймай, әртістер үшін де халықпен жақын араласуға мүмкіндік.
«Шымқала кештері» - қарбалас тірліктен сергіп, отбасыңмен демалуға таптырмас мүмкіндік. Сол себепті қала тұрғындары бұл шараны әр демалыста асыға күтеді.