Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында маңызды мәдени шара өтті. Орталық саябақта Қазақстан Республикасы өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» кеңінен аталып өтті.
Мерекелік жиынның шымылдығы Шымкент қалалық өзбек драма театры әртістерінің Абай мен Әлішер Науаи бейнелерін сомдаған ерекше сахналық қойылымымен ашылды. Қонақтар ұлттық құндылықтарды айшықтаған қолөнер көрмелері мен этнографиялық бұйымдарды тамашалап, өзбек халқының бай мәдениетімен жақыннан танысуға мүмкіндік алды.
Концерттік бағдарлама Мемлекеттік Әнұранмен басталып, театр әртістерінің «Қош келдіңіз» композициясымен жалғасты. Мукими атындағы №13 мектептің «Бахор» би ансамблі өзбек халқының ұлттық «Шодлик» биін және қазақ биін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шымкент қалалық драма театры «Сары Жайлау» композициясын сахналап, ал қалалық опера және балет театрының әншісі Нематилла Зикриллаев қазақ және өзбек тілдерінде патриоттық әндерді орындады. Сондай-ақ театр әртісі Шахиста Усманова өзбек халқының нәзік әуені – «Мустахзод» әнін шырқады.