Түркістан облысында қазір 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Өңір бұл көрсеткіш бойынша Республикада алдыңғы үштіктің қатарында. Аймақты бизнес үшін тартымды өңір дейтіні сондықтан. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында облыс басшысымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қос тарап кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері мен бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру жайын сөз қылды. Өңірде бизнесті қаржыландыруды ыңғайлы етіп, ортақ процестерді оңтайландыру жолдары сараланды. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 7 айында 181 жоба 22,8 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Жергілікті бюджеттен субсидиялау бағдарламасына 2,8 млрд теңге, ал Республикадан 13,86 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда облыс кәсіпкерлеріне жаңа жобаларды субсидиялау үшін қосымша қаржы аудару мәселесі де қарастырылып жатыр.
Кездесуде биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі туралы да кеңінен айтылды. Бағдарлама арқылы өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім, денсаулық сақтау салаларындағы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Жыл соңына дейін бағдарламаға 750 млрд теңге бөлінсе, оның ішіндегі 300 млрд – мемлекеттік, 450 млрд –ы екінші деңгейлі банктер есебінен қаржыландырылады.