Шымкентте медицина қызметкерлеріне арналған арнайы тренинг өтуде. Маңызды шарада әйелдер мен ерлердің денсаулығына қатысты түрлі тақырыптар қозғалып, талқылануда. Сондай – ақ, ерте жүктілік туралы да айтылды. Толығырақ алдағы сюжетте.
Елімізде бедеулік белең алып барады. Әсіресе, ер адамдардың репродуктивті денсаулығы нашарлаған. Егер, олар дер кезінде дәрігерге көрініп, ем – дом қабылдаса, ұрпақ сүю мүмкіндігі бар, дейді мамандар. Алайда, көбі ақ халаттылардың алдына келуді ұят санап, уақыт өткізіп алады екен. Ол кезде нәтиже беруі қиын.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметін тілге тиек еткен тренинг жүргізушілері, әлемде әрбір алтыншы жұптың бала сүю бақытына қол жеткізе алмайтынын айтады. Елімізде де бұл көрсеткіш жылдан – жылға өсуде. Оған басты себеп, салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс пен зиянды әдеттердің салдары, дейді.
Сондай – ақ, басқосуда ерте жүктілік туралы да кеңінен сөз болды. Осы орайда, ақ халаттылар жыныстық тәрбие туралы жиі – жиі жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жолға қоюы қажет. Өйткені көп ата –ана бұл тақырып төңірегінде мүлдем жақ ашпайтыны ақиқат.
Бедеулік пен ерте жүктілік – ұрпақ болашағына тікелей әсер ететіндіктен, оны медицинаға сырып қоя салмай, тұтас қоғам болып күресуіміз керек. Осылай деп сөзін түйген мамандар, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жандандыруды жеткізді.