Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде «Жеңіл өнеркәсіп мамандарын даярлаудың инновациялық әдістері» атты республикалық семинар өтті. Оған оқу орнының серіктестері мен әріптестер қатысып, саладағы өзгерістер жайын талқылады.
Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде 1000-ға жуық студент білім алады. Оның 967-сі мемлекеттік грант негізінде оқиды. Қатарында ерекше білім талап ететін 66 студент бар. Білім ошағы саңырау және басқа да мүмкіндігі шектеулі 2 топ студенттерді бөліп-жармай, қоғамға бейімдейді. Сондай-ақ түзеу мекемесіндегі 25 жазасын өтеушілерге де арнайы дәріс өткізіледі.
ГҮЛМИРА ТАҒАЕВА, ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
–Мектепте оқи жүріп колледждерде оқу эксперименті енгізілген болатын. Соның аясында біз 30 баланы оқытып шығардық.
Семинар барысында қатысушыларға колледждің техникалық базасы, оқу-құралдары мен әдістемелік тәсілдері, сондай-ақ студенттердің жетістіктері таныстырылды. Сала сарапшылары оқу орнының жұмысына оң баға берді.
МАРАЛ НЫҒМЕТЖАНОВА, TALAP КеАҚ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
– Семинар өз дәрежесінде жақсы өтіп жатыр деген ойдамын. Себебі жеңіл өнеркәсіп халықтың тұрмысына, экономикаға қажетті сала. «Яғни бұл сала мамандары өте қажетті мамандар болып табылады.»
Жұмысшы мамандарының қоғамдағы рөліне тоқталған ардагер ұстаз Төлехан Үсіпбеков колледждердегі практика үлесінің өсіміне ризашылық танытты. Айтуынша, студент өз саласын толық игеруі үшін мамандығын іс-тәжірибе жүзінде меңгеруі шарт. Ал ол үшін жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі шәкірттерін түрлі өндіріс ошақтарына жолдап отырады.
ТӨЛЕХАН ҮСІПБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
– Бұл жерде мен байқадым: студенттерге өз білімін толық көтеруге жайлы жағдай жасалған. Негізі барлық кәсіптік колледждерде осылай болуы шарт. Практикасын да, теориясын да өтіп жатыр.