Бәйдібектік Кенжеәлі Мұғалбаев «Байсары» атты жаңа қой тұқымын өсіріп шығарды. Селекционер отандық өнімге қол жеткізу үшін 15 жыл уақытын жұмсаған. Шаруаның асыл тұқымды қошқарлары 200 келіге дейін салмақ тартады. Шопан қойдың жаңа тұқымын патенттеп алған.


 Кенжеәлі Мұғалбаевтың «Тайсон» атты мына қошқары шамамен 200 келі тартады. Шаруаның қорасындағы әрбір қойы асыл тұқымды. Селекционер алғашқы жұмысын қазақтың қылшық жүнді қойларын асылдандырудан бастаған. Арнайы ғылыми жолмен ДНҚ сараптамасын да жасатқан. Нәтижесінде Гиннестің рекордтар кітабына енген «Байсары» атты асыл тұқымды отандық қой тұқымына қол жеткізді.


 КЕНЖЕӘЛІ МҰҒАЛБАЕВ, СЕЛЕКЦИОНЕР

Қызығып бастап едік негізінде. Қойларымыз өзімізге ұнаған соң, Ауғанстаннан бойы биік шығатын (1,08–1,10 м) қошқарларды әкеліп, оларды будандастырдық. Содан кейін жалпақтығы мен құлағының ұзындығы қажет болды. Қырғызстандағы қазіргі «Арашан» деген жаңа қой тұқымын қостық. Солардың нәтижесінде «Байсары» атты ең соңғы қой тұқымын шығардық.


Әке тәрбиесі мен Кенжеәлінің бала күннен төрт түлікке деген қызығушылығы жаңа қой тұқымын өсіріп шығаруға негіз болды. «Байсары» қойлары негізінен қызыл және қара түсті болып екіге бөлінеді. Шопан енді үшінші будандасқан «Бури» деген түрін шығарып отыр. Жаңа қой тұқымы басқа малдарға қарағанда бір жылда үш есе салмақ қосады. Бұл – еліміздегі мал тұқымын асылдандырып, ет экспортының әлеуетін арттыруға негіз болмақ.


БАҚЫТ ҚЫРҒЫЗАЛИЕВ, БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

–Бәйдібектің еті – бренд қой, расында. Қытай инвесторлары келіп жатыр. Бізге жеті өндірістік парк саламыз деген жоспар бар. Биыл екеуін, келесі жылы бесеуін іске асырамыз. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп те, өңдеу де бар.


 Шаруа ұсақ малмен қатар түйе шаруашылығын да дамытып келеді. Шұбат сауып, саумалмен емдеу ісін жолға қойған. Түркістан облысында жалпы асыл тұқымды қой санының үлесі 13 пайызға жетіп, 581 мың басты құрады. Асыл тұқымды мәртебесі бар 850 агроқұрылым жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда облыста мал шаруашылығы саласында саннан гөрі сапаға мән беріле бастаған.