Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің күні аталып өтілді. Кәсіби мерекеде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледж оқытушылары марапатталып, бір марқайып қалды. Бүгінде аталмыш оқу ордасында 140 –қа жуық маман жұмыс істесе, оның жартысына жуығы жоғары санатты ұстаздар.


Техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжі 15 мамандық бойынша маман даярлайды. Мұнда қазір 1500- ден астам студент білім алуда. Олардың жан –жақты дамуы жолында барын салып жүрген ұстаздар қауымының кәсіби мерекеде еңбектері еленіп марапатталды.


 Аталмыш оқу ордасы «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында қысқа мерзімде оқу процесін енгізген. Нәтижесінде 50– ге жуық жас, тігінші және аспаз мамандығын меңгеруде екен.


Студенттердің сапалы білім алуы үшін колледжде барлық жағдайлар жасалған. Оқу процесінде қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар қолданылады. Колледж түлектері өз мамандықтарына сәйкес университеттің 2-ші курсынан оқуын жалғастырып, жоғары білім ала алады.